ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ

«АЙБОЗ»

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ


І - бөлім

Ұлттық сыйлықты ұйымдастыру


1.1 Ұлттық сыйлықтың мақсаты

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын (әрі қарай – Ұлттық сыйлық) ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қаламгерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, қазақ әдебиетінің дамуына ықпал ету. Қаламгерлердің еңбегін насихаттау, олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруін ынталандыру.


1.2 Ұлттық сыйлықтың талаптары:

- ұлттық сыйлыққа Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады;

- қатысушының жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды;

- ұлттық сыйлыққа шығармаларды қабылдау 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында жүргізіледі;

- қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін түскен шығармалар ұлттық сыйлыққа қатысушы ретінде тіркелмейді;

- қатысушы шығармасымен бірге өзі туралы ақпарат (1 бет көлемінде) және фотосуретін (сапалы) қоса жіберуі тиіс;

- шығармалар Word  бағдарламасында (кегль – 14, жоларалығы – 1, қарпі – Times New Roman) жазылуы тиіс;

- авторлар осы шарттарды түгел орындаған кезде ғана қатысушы ретінде тіркеледі.


1.3 Номинацияға қойылатын талаптар


«Үздік проза»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 20 авторлық парақтан аспауы тиіс;

Шығарма түрі: роман, повесть, әңгіме, хикаят, әдеби эссе.


«Үздік поэзия»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 10 авторлық парақтан аспауы тиіс;

Шығарма түрі: поэма, дастан, жыр, өлең, өлеңдер топтамасы.


«Үздік драматургия»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 20 авторлық парақтан аспауы тиіс;

Шығарма түрі: драмалық туындылар.


«Үздік әдеби сын»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 20 авторлық парақтан табақтан аспауы тиіс;

Шығарма түрі: әдеби сын жұмыстар.


«Үздік балалар әдебиеті»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 20 авторлық парақтан аспауы тиіс;

Шығарма түрі: балаларға арналған әдеби еңбектер.


«Үздік комикс»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- А4 форматындағы 100 беттен аспауы тиіс;

Шығарма түрі: комикс.


«Үздік әдеби аударма»

- бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болу керек; 

- көлемі 30 авторлық парақтан аспауы тиіс;

- аударманың көркемдігіне, поэтикалық қуатына баса назар аударылады;

- автормен немесе аудармашымен келісімшарт болуы тиіс (қоғамдық игілікке (Public Domain) айналған шығармаларға қатысты емес);

- екі шығарма тең түскен жағдайда түпнұсқадан аударылған әдеби аудармаға басымдылық беріледі.

Шығарма түрі: әдеби аударма.


            1.4  Авторлық парақ өлшемі:

           1. Проза - 40 000 белгі;
           2. Поэзия - 700 поэтикалық жол;
            3. Фотоальбомның, изоальбомның және альбом кітабының көлемі иллюстрациялық және бейнелеу материалының  кескін ауданының – 3000 см


1.5 Сыйақы мөлшері 

Әр номинацияның жүлдесі – 5 000 000 теңге 


ІІ – бөлім


Ұлттық сыйлықты өткізу


Ұлттық сыйлыққа шығарма қабылдау 1 мамырда басталады. 1 қыркүйек күні шығармаларды қабылдау тоқтатылады.  Қараша айының соңында жеңімпаздар анықталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады.


2.1. Ұлттық сыйлық жеңімпаздарының қорытындысын шығару

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұлттық сыйлыққа қатысушылардың еңбектерін толық жинақтап, қабылданған шығармалардың авторын көрсетпей жазушылардан, ғалымдардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына жолдайды. Олар шығармаларды сараптап, үздіктерді дауыс беру арқылы анықтайды. Жүлдегерлер тізімі Мәдениет және спорт министрлігінің, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында жарияланады.


2.2. Қазылар алқасы және бағалау критерийлері

Ұлттық сыйлыққа төрелік етуге номинациялар бойынша: ақындар, жазушылар, аудармашылар, драматургтер шақырылады. Ұлттық сыйлық әділдігін сақтау үшін қазылар алқасы туралы ақпарат 5 (бес) жыл көлемінде құпия сақталады.

Қазылар алқасының мүшелері шығармаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:

  • Көркемдік деңгейі;
  • Тіл тазалығы;
  • Сөздік қорының байлығы;
  • Өзіндік стильдің болуы;
  • Тақырып өзектілігі;
  • Мазмұн тереңдігі;
  • Тарихи әділдігі.


Осы критерийлерге жан-жақты сай келген шығармалар номинациялар бойынша жеңімпаз атанады. Әр номинация бойынша жеңімпаз шығарма саны бірден аспайды. Қазылар алқасының шешімі талқыланбайды және қайта қаралмайды. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлдегер атанған шығармалар мен авторлар салтанатты түрде марапатталып, сыйлықтары табыс етіледі.


ІІІ – бөлім


Ұлттық сыйлықты қорытындылау


Ұлттық сыйлықты өткізудегі негізгі мақсат – ақын-жазушыларды, драматургтер мен аудармашыларды қолдау, ынталандыру. Көзделген мақсат толық орындалу үшін жеңімпаз атанған авторлардың шығармалары кітап ретінде жарық көреді.


Ұлттық сыйлық қорытындыланатын салтанатты марапаттау рәсімінен бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында әр номинация бойынша Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған әлеуетті шығармалардың қысқаша тізімі (Short List) жарияланады. Қысқаша тізімге енетін авторлар саны 10 автордан аспайды. 


3.1. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі

Ұлттық сыйлық жеңімпаздары марапаттау салтанатты шарасына шақырылады. Аталмыш шараға ұйымдастырушы тарап, белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, жүлдегерлерді құттықтайды және сыйлықтарын табыс етеді.


3.2. Ұлттық сыйлықты және қатысушыларды насихаттау

Ұлттық сыйлықтың өткізілу барысы туралы ақпарат ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында беріліп отырады. Жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі түгел таспаға жазылып, отандық телеарналардан, әлеуметтік желідегі парақшалардан көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, ұлттық сыйлық туралы бірқатар апталық газет-журналдарға мақалалар басылады.


3.2. Кітап шығару

Ұлттық сыйлық қорытындысында жеті номинация бойынша жеңімпаз атанған жүлдегердің шығармалары кітап болып басылып шығып, кітапханаларға таратылады.

aiboz.kz© 2022-2023. Айбоз - Барлық құқық қорғалған. Техникалық қолдау +77075327722